УДК 616.127-005.8:616.15-018.5
МИОКАРДТАҒЫ АПОПТОЗ МАРКЕРІ МЕН CD117 АНЫҚТАЛАТЫН ЖАСУШАЛАРДЫҢ ИММУНОГИСТОХИМИЯЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРІН ТӘЖІРИБЕЛІК УЛАНУ ЖАҒДАЙЫНДА ЗЕРТТЕУ
А.Б. ЖАҢАБАЕВА, Е.Ж. БЕКМҰХАМБЕТОВ, С.Б. РАХМАНОВ
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті,
Ақтөбе қ., Қазақстан Республикасы
Соңғы зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жүрек тініндегі бұзылыстардың негізінде миокардиальды және тамырлық қайта құрылулар мен олардың ақырында қалыптасатын жасушалардың жаңаруы және функциональдық қабілеттерінің өзгеруі маңызды фактор болып табылады. Осы механизмнің негізінде тіндік гомеостаздың реттеушісі – дәнекер тінді мес жасушалары, олардың өзгерістері және жасушалық жаңарудың бірден – бір көрсеткіші апоптоз үдерісі жатқандығы күмән тудырмайды.
Зерттеу мақсаты. Сонымен, біздің зерттеуіміздің мақсаты хром қосындыларының қатарынан бихромат натрий мен хлорорганикалық пестицидтердің созылмалы әсерлері кезінде болатын миокардтағы иммуногистохимиялық көрсеткіштерге (CD117(RTU), P53(Ab-5) маркерлерін) салыстыра отырып, талдау жасау.
Материал және әдістері. Тәжірибелік зертханалық жануарлар виварийінен алынған 50 тексіз аналық және аталық ақ тышқандарға (10 бақылау, 40 тәжірибелік) жүргізілді. Тәжірибелік 2 зерттеу тобында жүргізілді: 1) бихромат натрийдің (Na2Cr2O7) және 2) хлорорганикалық пестицидтің (C6H6Cl6) per os әсері [Kanburetal, 2007]. Зерттеу дизайны: салыстырмалы - бақылау тәжірибелік зерттеу, біз өзгерткен модификацияланған протокол (P. Houpert, S. Frelon, 2005) бойынша жүргізілді. Иммуногистохимиялық әдісі бойынша зерттеуге екі коммерциялық моноклоналды антиденелер пайдаланылды: CD 117 (RTU) «Thermo scintific» фирмасы және р53 (Ab-5) DO-7 RTU «Thermo scintific» фирмасы.
Нәтижелері және талқылауы. Зерттеудің нәтижесі көрсеткендей, CD117 экспрессиялаушы мес жасушаларының жағдайы кардиомиоциттердегі апоптоз үдерістеріне (р53 маркері) ықпал етеді. Уланудың 1-ші айында CD117 экспрессиялануы артуымен р53 бөлінуі де артып отыр, яғни созылмалы улану жағдайында миокардтағы компенсаторлық үдерісіне сәйкес, жасушалар патологиялық жойылуды реттеу үшін апоптоздық механизмнің белсендіруімен байланысты болуы мүмкін.
Қорытынды. Сонымен, миокардтағы анықталған иммуногистохимиялық көрсеткіштердің ішіндегі CD117 экспрессиялаушы жасушалар мен апоптоздық маркерлердің арасында өзара тәуелділік бар, сонымен қатар бұл көрсеткіштердің өзгерістері созылмалы улану нәтижесінде миокардтағы жауап реакциясы ретінде көрініс тауып отыр.
Негізгі сөздер: миокард, CD117 экспрессиялаушы мес жасушалары, апоптоз, бихромат натрий, хлорорганикалық пестицид.
Тэги: АНАТОМИЯ