ӘОЖ 618.2
Р.Г. Нұрқасымова, А.А. Қошқарова, К.Ж. Рыскелдиева, Д.Е. Ибраева, А.К. Аязбеков, С.Т. Раманова
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, Түркістан қ., Қазақстан Республикасы
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛАЙСЫЗ АЙМАҚТА ТҰРАТЫН ҚЫЗ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМ ҚЫЗДАРДА ВУЛЬВОВАГИНИТТІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
Жасөспірім қыздардың гинекологиялық ауруларының арасында жыныс мүшелерінің қабыну аурулары және репродуктивтік жүйе қалыптасуының ауытқулары жиі кездеседі. Қазіргі таңда ҚР-да стратегиялық даму бағдарламаларының басты бағыттарының бірі ана мен бала денсаулығын қорғау. Сау анадан сау бала туылады дегендей болашақ ана, жасөспірім қыздардың репродуктивтік денсаулығын қорғау өзекті мәселеге айналды. Өйткені тұрған аймақтағы экологиялық жағдайлар жасөспірім қыздардың репродуктивік жүйесіне өз әсерін тигізеді.
Зерттеудің мақсаты. Экологиялық қолайсыз аймақта тұратын, қыз балалар мен жасөспірім қыздардың қынап биоценозының ерекшеліктерін және оларда вульвовагиниттің кездесу жиілігі мен құрылымын анықтау.
Материал және әдістері. Зерттеу жұмысы екі кезеңде жүргізілді. I кезеңде - Түркістан аймағында тұратын қыз балалар мен жасөспірім қыздарда вульвовагиниттің кездесу жиілігін және себептерін анықтау мақсатында 3269 қыз балалар мен жасөспірім қыздарға арнайы сауалнама жүргізілді. II кезеңде – қыз балалар мен жасөспірім қыздарда вульвовагиниттің құрылымын анықтау мақсатында вульвовагиниті бар 50 қыз бала (негізгі топ) және вульвовагиниті жоқ 30 қыз балаға (салыстырмалы топ) арнайы лабораториялық: бактериоскопиялық, бактериологиялық және ИФА, Фемофлор 16 ПТР зерттеу жұмыстары жүргізіліп, сараптамалық талдау жасалды.
Нәтижелері және талқылауы. Қынаптың тазалық дәрежесі бойынша жүргізілген бактериоскопиялық зерттеу нәтижесінде тек қыз балалардың 10% ғана норма флора анықталса, кокктар 54%, ал зең саңырауқұлақтары 36% құрады.
ИФА нәтижесі бойынша IgG оң нәтижелі болып, ЦМВ 70%, гарднерелла 52%, микоплазма 38%, уреаплазма 30%, герпес 30%, хламидия 16% жиілікте кездесті. Вульвовагинит пен экологиялық қолайсыз Түркістан аймағында тұру ұзақтығы бойынша корреляциялық байланыс анықталды (r=0,9).
Қорытынды. Түркістан аймағында тұратын қыз балалар мен жасөспірім қыздарда вульвовагиниттің кездесу жиілігі 59% құрады. Яғни Түркістан аймағында тұратын әрбір екі қыздың біреуінде вульвовагинит бар екендігі анықталды. Қынап биоценозының бұзылысы бар қыздарда экстрагенитальді патология 78% құрады. Вульвовагиниті бар қыз балаларда дені сау қыз балаларға қарағанда етеккір циклының бұзылысы екі есе жиі кездесетіні анықталды. Қыз балалар мен жасөспірім қыздар экологиялық қолайсыз аймақта ұзақ тұрған сайын, вульвовагиниттің даму қаупі жоғарылайтындығы анықталды.
Негізгі сөздер: вульвовагинит, экология, қынап биоценозы, жасөспірім қыздар, репродуктивті денсаулық.
Тэги: АКУШЕРСТВО И ГИНЕКОЛОГИЯ