DOI: 10.31082/1728-452X-2019-200-2-24-28
УДК 615.1:543.544.74
8-БРОМ-3-МЕТИЛКСАНТИН СУБСТАНЦИЯСЫН ТАЛДАУДАҒЫ ЖҰҚА ҚАБАТТЫ ХРОМАТОГРАФИЯ ӘДІСТЕМЕСІ
С.К. ОРДАБАЕВА1 https://orcid.org/0000-0002-9997-6948,
Р.Н. БИДАЙБЕК1, https://orcid.org/0000-0001-6035-4490,
И.М. ШӘРІПОВ2, https://orcid.org/0000-0001-5058-0195,
Б.М. ЖАНТУРИЕВ3, https://orcid.org/0000-0002-3955-6116
1«Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы», Шымкент қ., Қазақстан Республикасы,
2«Башқұрт мемлекеттік медицина университеті», Уфа қ., Ресей Федерациясы,
3«Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын ұлттық сараптау орталығы», Астана қ., Қазақстан Республикасы
Медицина тәжірибесіне жаңа биологиялық белсенді қосылыстарды енгізу үшін осы қосылыстардың талдау әдістемелерін жасау қажет. Дәрілік препараттардың өзі екендігін, тазалығын анықтау үшін сенімді, қайталанғыштығы жоғары жұқа қабатты хроматография (ЖҚХ) әдісі болып табылады.
Зерттеудің мақсаты. Жаңа биологиялық белсенді пурин туындысын идентификациялау және тазалығын анықтау үшін жұқа қабатты хроматография әдістемесін жасау.
Материал және әдістері. Зерттеу нысаны ретінде белсенді зат 8-бром-3-метилксантин (РФ) және тектес қоспа 3-метилксантин (РФ) субстанциялары, ЖҚХ әдістемесін жүргізуге арналған құралдар жиынтығы (РФ): «Sorbfil ПТСХ-П-А» (10×10) пластинкалары, «МШ-10» микрошприцтері (ААҚ «Цвет»), хроматографиялық камера, УК-хроматоскоп (Ленхром, УФ-кабинет 254/365), ЖҚХ арналған кептіргіш (УСП 1М), зертханалық электронды аналитикалық таразы (OHAUS Pioneer, Швейцария) және «х.т.» және «т.д.т.» категориялы еріткіштер мен реактивтер қолданылды.
Нәтижелері және талқылауы. Тәжірибе нәтижелері бойынша этилацетат-метанол-25% аммоний гидроксиді (17:2:1) ерітінділерінен тұратын жылжымалы фаза оптимальды болып табылды. Осы жылжымалы фазада негізгі зат 8-бром-3-метилксантиннің Rf мәні 0,71±0,02, жіберілетін тектес қоспаның Rf мәні 0,45±0,02 тең болды. Статистикалық өңдеу жүргізу барысында экспериментті көпретті қайталаудан кейінгі нәтижелер жасалған әдістеменің қайталанғыштығы жоғары екендігін көрсетті, салыстырмалы қателік ±1,81% құрады.
Қорытынды. Алғаш рет жаңа биологиялық белсенді пурин туындысын идентификациялау және тазалығын анықтау үшін жұқа қабатты хроматография әдістемесі жасалды. Жасалған қайталанғыштығы жоғары және сенімді әдістемені 8-бром-3-метилксантин субстанциясының өзі екендігін және тазалығын анықтауға нормативтік құжат жобасына енгізуге ұсынылады.
Негізгі сөздер: пурин, ксантин, жұқа қабатты хроматография, жаңа биологиялық белсенді қосылыс, өзі екендігі, субстанцияның тазалығы.
Тэги: ФАРМАЦЕВТИКА