УДК 615.322:615.451.16:615.012/.014
З.Б. Сақыпова, Ш. Нөкербек, Қ.Қ. Қожанова, Л.Н. Ибрагимова, Ғ.С. Ибадуллаева, А.Л. Ахелова
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университеті, Алматы қ.,
ARTEMISIA RUPESTRIS ӨСІМДІГІНЕН АЛЫНҒАН ҚҰРҒАҚ ЭКСТРАКТТАРҒА САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУ ЖАСАУ
Қазақстан Республикасының фармацевтика нарығында өсімдік шикізатынан жасалған дәрілік заттар жыл сайын өсіп келеді. Аймақты жоғары сапалы, қауіпсіз және қолжетімді дәрілік заттармен қамтамасыз ету қазіргі күннің талабы. Artemisia rupestris L. қазақ халық емшілігінде микробтарға қарсы қолданылып келе жатқан дәрілік өсімдік. Аталмыш өсімдікті ғылыми тұрғыдан зерттеп, микробқа қарсы фитопрепараттың шикізаты ретінде заманауи медицинаға енгізудің маңызы зор.
Мақсаты. Artemisia rupestris L. өсімдігінен алынған әртүрлі экстракттардың биологиялық белсенділіктеріне және технологиялық көрсеткіштеріне салстырмалы талдау жасау арқылы, ең тиімді деп саналған құрғақ экстрактыны фитопрепарат жасаудың потенциальды субстанциясы ретінде таңдап алу.
Материал және әдістері. Мақалада Artemisia rupestris өсімдігінің сабағынан және гүлі мен жапырағының қоспасынан, ұқсамаған экстракт алу әдісімен, атап айтқанда, ультрадыбысты экстракциялау әдісі, микротолқынды экстракциялау әдісі және дәстүрлі айдау әдісі арқылы, экстрагент ретінде тазартылған су мен 80% метанолды қолданып құрғақ экстракт алудың әдістемелері баяндалған. Сонымен қатар, алынған құрғақ экстракттардың технологиялық көрсеткіштері мен биологиялық белсенділіктерін (бактерияға қарсы, саңырауқұлаққа қарсы, антиоксидант және цитотоксикалық қасиеттерін) сынау (in vitro) барысы көрсетілген.
Нәтижелері және талқылауы. Artemisia rupestris L. өсімдігінен алынған әр-түрлі экстракттардың биологиялық белсенділіктеріне және технологиялық көрсеткіштеріне салстырмалы талдау жасалды. Талдау нәтижесі бойынша, Artemisia rupestris өсімдігінің сабағынан, ультрадыбысты экстракциялау әдісі арқылы, тазартылған сумен алынған құрғақ экстрактының саңырауқұлаққа қарсы өте жоғары әсер көрсететіндігін және антиоксидант қасиетке ие екенін байқадық. Бұл экстрактының технологиялық көрсеткіштері де талапқа сай, атап айтқанда, экстракциялау уақыты аз, құрғақ экстракт шығымы жоғары болды.
Қорытынды. Artemisia rupestris L. өсімдігінен алынған әр-түрлі экстракттардың биологиялық белсенділіктерін сынау (in vitro) нәтижелеріне және технологиялық көрсеткіштеріне салстырмалы талдау жасау нәтижесі бойынша, заманаун әдіс ультрадыбысты экстракциялау әдісі арқылы, тазартылған сумен, Artemisia rupestris өсімдігінің сабағынан алынған құрғақ экстрактыны жасалатын фитопрепаратымыздың негізгі әсер етуші заты ретінде таңдап алдық. Аталмыш экстрактыны алудың технологиялық сызбасы сызылып, өндірістік-технологиялық регламенті жасалынды.
Негізгі сөздер: Artemisia rupestris L., құрғақ экстракт, ультрадыбысты экстракциялау әдісі, микротолқынды экстракциялау әдісі, дәстүрлі айдау әдісі.